Елімізде зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға көмек көрсететін 21 дағдарыс орталығы жұмыс істейді

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елімізде зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға көмек көрсетуге арналған 21 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Бұл туралы бүгін елордада өткен «Отбасы және қоғам: дәстүрлер, құндылықтар және даму келешегі» атты халықаралық конференция барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті.

Бүгінгі күні елімізде зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға көмек көрсететін 21 дағдарыс орталығы жұмыс істейтіндігін атап өткен министрдің айтуынша, бұған дейін олар халықаралық донорлар есебінен ұсталса, ағымдағы жылы 13 дағдарыс орталығы мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырыла бастаған. «Бір ғана Шығыс Қазақстан облысының өзінде осындай 6 дағдарыс орталығы қызмет жасайды. Оларды Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды және Қызылорда облыстарында ашу мүмкіндіктерін қарастыру мәселесі алда тұр. Өткен жылы дағдарыс орталықтарына 31 мыңнан астам адам жүгініп, көмек алды» - деді Г.Әбдіхалықова.

Сондай-ақ министрдің айтуынша, ата-аналардың жұмысын үйдегі міндеттерімен ұштастыру мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында халықты қашықтан жұмыспен қамтуды енгізу жүргізілуде. Мұндай ілкі жобаны өткен жылы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Ақтөбе облысының бюджеттік мекемелерінде іске қосқан.