Еліміздегі 10 автомобиль өткізу пунктінде электронды кезек жүйесі енгізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің мемлекеттік шекарасындағы 10 автомобиль өткізу пунктінде электронды кезек жүйесі енгізілді. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Бақылау департаментінің директоры Елдос Саудабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шекарадағы кептелістер мен күту тасымалдаушылардың шекарадағы жағдай туралы, оның ішінде өткізу пункттерінің кептелісі туралы ақпараттың болмауына байланысты болады. Мұндай жағдай әлемнің көптеген елінде болып жатады және осындай фактілерді болдырмау үшін жекелеген елдер өз шекараларында электрондық кезек енгізеді. Өйткені электрондық кезек жүйесі тауарлар мен көліктердің қозғалысын реттеуге және ашықтықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Бүгінде Беларусь Республикасы мен Балтық елдерінің оң тәжірибесі бар. Оларда кезекті брондау жүйесі бұрыннан енгізілген. Мәселен, үшінші елдермен мемлекеттік шекарадағы 10 автомобиль өткізу пунктінде барлық тасымалдау процесінің ашықтығын қамтамасыз ететін электронды кезек жүйесі енгізілді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, электронды кезек жүйесінің арқасында барлық ықтимал манипуляциялар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылды. Нақты кезекте тұрып, күту де алынып тасталды.

«Биыл 1 шілдеден бастап электронды кезек жүйесін пайдалана отырып, автокөлік құралдарын өткізуді регламенттейтін бірқатар нормативтік-құқықтық акті қолданысқа енді. Бұрын қолданылған уақытша схемалар өз күшін жойды», - деді Елдос Саудабаев.

Департамент директорының дерегінше, осы уақытқа дейін электронды кезек жүйесі арқылы шекарадан 89 мыңға жуық автокөлік өтті.