Еліміздегі 2 млн. 300 мың гектар суармалы жердің 900 мың гектары жарамсыз болып қалған - Қ. Айтаханов
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы жылдары Елбасы тапсырмасына сәйкес, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауға ерекше назар аударылып, қыруар қаржы бөлінуде. Дағдарысқа қарамастан ауыл шаруашылығы даму қарқынының жоғары болуы да осыған байланысты болып табылады. Ендігі мәселе осы салаға бөлініп жатқан қаржыны пайдаланудың тиімділігін арттыру, оны қайтарымы мол, кепілді өнім беретін салаларға бағыттау. Бұндай саланың бірі ауыл шаруашылығының алтын қоры болып есептелетін, тұрақты түрде мол егін алуды қамтитын - суармалы егін шаруашылығы. Бұл жерлерде бүгінгі күні елімізде тапшылық танытып отырған өсімдік майы, қант, көкөніс, жеміс-жидектер, мақта дақылдары, мал өнімдері үшін қажетті құрама жемнің негізін құрайтын соя мен жүгері дақылдары өсіріледі. Бұрын айдалған жердің 5 пайызын құрап, егін шаруашылығы өнімдерінің 35 пайызын беріп келген еліміздегі суармалы жерлері 2 млн. 300 мың гектарды құраса, бүгінгі таңда бұның 900 мың гектары, немесе 40 пайызы сорланып, батпақтанып істен шыққан. Нәтижесінде елімізде жыл сайын 250 млрд. теңге көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілмей қалуда. Ал қолданыстағы 1 млн. 400 мың гектар суармалы жердің тиімділігі де өз дәрежесінде емес», деді Қ. Айтаханов.
Депутаттың айтуынша, суармалы жерлер кәдімгі жерлермен салыстырғанда қосымша шараларды атқаруды қажет етеді. Ал бұндай жұмыстарға сәйкесінше қосымша қаражат қажет. Аз ғана жері бар, қаражатқа жарымайтын шаруалардың суармалы жерлерді баптауға шамалары келмейді. «Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға пайдалану мақсатында суармалы егін шаруашылығының әлеуетінің тиімділігін арттыру қажет. Бұл ретте бірқатар мәселелер шешімін табуы тиіс. Атап айтқанда, айналымнан шығып қалған 900 мың гектар суармалы жерлерді ел игілігіне пайдалануды қарастыру қажет. Ал қолданыстағы 1 млн. 400 мың гектар суармалы жерлерге мемлекеттік қолдау керек. Бұдан басқа, осы саладағы инновациялық бағыт болып табылатын тамшылатып суаруды ынталандыру шарт. Үкімет осы мәселелерге баса назар аударып, алдағы уақытта арнайы жиын өткізсе екен», деді сенатор Қ. Айтаханов.