Еліміздегі 3 мыңнан астам қоқыс полигонының 20% ғана нормаға сай
«Қазақстанда 3 мыңнан астам қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар, олардың тек 20 пайызы ғана нормаларға сәйкес. Бұл мәселе Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында өте өзекті болып тұр. Құрылыс қалдықтарымен жұмыс істеу саласы да маңызды. Биылдан бастап оларды көмуге тыйым салынды. Норма 2016 жылы енгізілсе де, қазір тек Нұр-Сұлтан, Алматы және Лисаковск қалаларында құрылыс қалдықтарына арналған алаңдар бар», - деді С. Брекешев Үкімет отырысында.
Бей-берекет үйінділерді жою және болдырмау жұмыстары да жүріп жатыр. Бүгінгі күні 7,3 мың үйіндінің 86 пайызы жойылды. Рейдтік шаралар өтіп, 17 мыңға жуық құқықбұзушы жауапкершілікке тартылып, 25 млн теңге сомасына айыппұл салынған.
«Жалпы, қоқыс шығаратын ұйымдардың қызметін реттеу және бақылау мақсатында жаңа Экокодексте хабарлама жасау тәртібін енгізу көзделген. Олар көлікке GPS-датчиктерін орнатуға және көліктің қозғалысы туралы толық ақпаратты беруге міндетті. Оған қоса, қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар (жеке тұлғаларға 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін) жоғарылады», - деді Экология министрі.