«Біздің қолдағы мәлімет бойынша, Қазақстандағы қалалар мен елді мекендерде 1167 автогаз толтыру станциясы (АГТС) бар. Ал жалпы, ел аумағында 3 мыңнан астам жанармай құю бекеті жұмыс істеп тұр. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, тексеріс кестесіне сай 648 автогаз толтыру станциясына тексеру жұмыстары жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша, 444 АГТС өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны анықталды. 48 АГТС-та өртке қарсы аралық бойынша бұзушылықтың бары белгілі болды», - деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Комитет төрағасы өз сөзінде бұзушылыққа жол бергені үшін 323 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтып өтті.
«2019 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша, 125 автогаз толтыру станциясы мен жанармай құю бекетіне өрт қауіпсіздігіне қатысты тексеру жүргізілді. Олардың ішінде 84 станция өрт қауіпсіздігі бойынша бұзушылыққа жол бере отырып, жұмыс істеп тұрғаны белгілі болды. 8 станцияда өртке қарсы аралық бойынша бұзушылықтың бары анықталды. Қалған бекеттер 2019 жылдың екінші жартыжылдығында тексеруден өтпек», - деді Владимир Беккер.