Еліміздегі 50 мың су айдынының барлығына бірдей құтқарушылар бекетін орнату мүмкін емес - Р.Иманқұлов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі 50 мың су айдынына бірдей құтқарушылар бекетін орнату мүмкін емес. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім етті.

«Ағымдағы жылы су айдындарында адамдардың қаза болуының негізгі себептері олардағы қауіпсіздік қағидаларының өрескел бұзылуы болып отыр», - деді ол.

Р.Иманқұловтың алға тартқан деректеріне қарағанда, оқыс оқиғаларың 39 пайызы (75 оқиға) ересектердің балаларды қараусыз қалдырудан, 25 пайызы (45 оқиға) балық аулау кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзудан, 23 пайызы (43 оқиға) жүзе алмау немесе өзінің күшін жете бағаламаудан,  13 пайызы (32 оқиға) мас күйде суға шомылудан орын алған.

«Қазақстан бойынша 50 мың суы айдыны бар. Олардың барлығын бірдей құтқарушылар бекетімен жабдықтау мүмкін емес. Сондықтан адамдарды өз өмірлеріне бей-жай қарамай, қауіпсіздік шараларын қатаң ұстануға шақырамыз», - дейді комитеттің ресми өкілі.

Осы ретте ол су айдынында демалуға барған кезде мас күйде шомылмауға, қайықтан, катерден, өткелдерден, суға секірмеуге, жүзу шегі белгіленетін қалтқы белгілерден аспауға, су айдындарын ластамауға, жалған дабыл беріп айғайламауға шақырды.