Еліміздегі әрбір бесінші жұмысшы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейді - министр Т.Дүйсенова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі жұмыспен қамтылғандардың әрбір бесіншісі зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейді. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.

«Статистика деректері бойынша елімізде зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің саны 2014 жылдың басында шамамен 376 мың адамды құрады. Яғни, тексерілген жұмыспен қамтылған азаматтардың қатарында әрбір бесінші адам осындай жағдайда жұмыс істейді», - деді Мәжілістің жалпы отырысында министр Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтіндердің 40 пайызы (153,8 мың адам) шу және діріл деңгейі жоғары жағдайда, ал 35 пайызы (132,9 мың адам) газдануы мен тозаңдануы жоғары жұмыс аумағында еңбек етеді.

Еске сала кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында «Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына жәрдемдесетін негіздер туралы конвенцияны (187-конвенция) ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын. Аталған конвенцияны халықаралық еңбек ұйымына мүше 25 ел, соның ішінде ТМД аумағында Ресей мен Молдова ратификациялаған.