Еліміздегі әрбір үшінші тонна ет Ақмола облысында өндіріледі

Фото:
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Еліміздегі әрбір үшінші тонна ет Ақмола облысында өндіріледі. Облыста соңғы жылдарда өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Әсіресе, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар қатары жылдан-жылға көбейе түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметінше, қазіргі күні облыста жалпы ішкі өнімнің 27,6 пайызы өнеркәсіп саласының үлесіне тиеді. Ал, өнеркәсіп саласының өз ішінде өңдеуші кәсіпорындар өнімдерінің үлесі - 78,6 пайыз.

Өнеркәсіп саласында бүгінгі күні 732 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде азық-түлік өнімдерін өңдейтін 145 кәсіпорынның бірінші тоқсандағы өндірген өнім көлемі - жалпы өнімнің 15,4 пайызын алды.

Соңғы бес жылдың ішінде бұл салада жоғары өсім сақталып келеді. Нақтырақ алсақ, 2018 жылы – 107,6 пайыз, 2019 – 103,2, 2020 – 109,9, 2021 – 115,5, 2022 – 101,1 пайыз болды. Биылғы алғашқы үш айдағы азық-түлік өнімдерін өңдеу саласындағы өсім - 4,1 пайыз. Осы кезең ішінде ет және шұжық өнімдерін шығару 10,8 пайызға, сары май өндіру 69,4 пайызға, өсімдік майын шығару 74,7 пайызға өскен.

«Республикамыздағы біздің облысымыздың осы саладағы алатын үлес салмағы қомақты. Әрбір үшінші тонна ет Ақмола облысында өндіріледі. Сондай-ақ, еліміз бойынша өндірілген әрбір 7-литр сүт, әрбір 12-литр минералды сусын, әрбір 12-тонна сары май, әрбір 15-тонна ұн біздің облысымыздың үлесіне тиеді», - дейді басқарма басшысының орынбасары Александр Загребин.

Қазіргі күні облыста өндірілген ауыл шаруашылығы өнімі өңір тұрғындарын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, республиканың басқа аймақтарына және шет елдерге экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Мәселен, ұн шығару облыс тұрғындарының қажеттілігінен 33 есеге, құс етін өндіру 7 есеге, жұмыртқа өндіру 3,5 есеге артық.

«Өз қажетімізден артықтарды сатуға шығарамыз. Мұның өзі аймағымыздың өнімдерін экспортқа шығару көлемін арттыруға игі ықпалын тигізіп отыр. Облысымызда өңдеуші сала кәсіпорындарын салу жобалары одан әрі жалғасып жатыр. Қазіргі күні 478 млрд теңгенің 65 жобасы жүзеге асырылу үстінде. Бұл жобалар іске қосылғанда 5,5 мың қосымша жұмыс орындары ашылмақ. Олардың 3/1-і азық-түлік өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың үлесіне тиеді. Тарата айтар болсақ: «ЮникорнХолдингс» құс фабрикасын салу жобасына 65 млрд теңге қарастырылып отыр. Құс фабрикасы жылына 50 мың тонна құс етін шығаратын болады. Жұмыс істеп тұрған «Макинск құс фабрикасы» өнімін жылына 100 мың тоннаға жеткізу жобасына 25,7 млрд теңге қарастырылып отыр. Жоба іске қосылғанда қосымша 33 мың тонна ет өнімдері шығарылатын болады. Жылына 5000 келі осетр икрасын шығаратын «Аква Виктория» серіктестігінің жабық су тоғанын салуға 4,3 млрд теңге бөлінді», - деп толықтырды Александр Загребин.

Басқарма басшысының орынбасары атап өткендей, өңірде ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін арттыруға бағыттылған инвестициялық жобалар да қолға алынады.

«Облыста 50 ірі инвестициялық жобаларды біріктіретін Жол картасы бекітілді. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 250 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Инвестициялық жобалар 2021-2025 жылдарға арналған. Осы жобаларды жүзеге асыру азық-түлік өнімдерін өндіру көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ, өңірде астық пен көкөніс сақтау қоймаларының сыйымдылығын 176 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыру қосымша 2,5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік жасайды», - деп түйіндеді Александр Загребин.

Айта кетсек, бұдан бұрын Қазақстанда алғаш рет ірі қара мал тұқымдары көрмеге шығарылғанын жазған едік.