Еліміздегі астық проблемасы негізінен ғаламдық қаржы дағдарысы аясында әлемдегі астық өндіру көрсеткішінің өсуіне орай туындады - А. Күрішбаев

АСТАНА. Қарашаның 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Қазақстандағы астық мәселесіне қатысты проблема негізінен ғаламдық қаржы дағдарысы аясында әлемдегі астық өндіру көрсеткішінің өсуіне, оның ауыспалы қорларының көп болуына байланысты туындаған.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев осылай  мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

«Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі ағымдағы жылғы рекордтық көрсеткішпен жиналған қазақстандық астықты тиімді пайдалану, өткізу болып табылады. Қазақстандағы астық мәселесіне қатысты проблема негізінен ғаламдық қаржы дағдарысы аясында әлемдегі астық өндіру көрсеткішінің өсуіне, оның ауыспалы қорларының көп болуына байланысты туындады. Қазір барлық әлемдік астық нарығында өнімді сатып алу ауқымы біршама төмендеп, соның салдарынан астық бағасы күрт түсіп кетті. Бұның барлығы Қазақстанның ішкі нарығына жағымсыз кейіпте әсер етіп отыр. Өйткені  біздің астық негізінен экспортталуға бағытталған өнім болып табылады», деді Ауыл шаруашылығы министрі. Сонымен бірге, А. Күрішбаев, елдегі астық нарығында орын алған проблемаға қатысты Үкімет тарапынан арнайы кеңес өткізілгенін айта келе, оның нәтижесі бойынша іс-шаралар жоспары қабылданғанын атап өтті.