Еліміздегі ауруханалардың - 26, ал мектептердің 38 пайызы автоматты өрт дабылы жүйесімен жабдықталмаған - ТЖМ

АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Еліміздегі ауруханалардың 26 пайызы, ал мектептердің 38 пайызы автоматты өрт дабылы жүйесімен жабдықталмаған.

 Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Жағдайды пайдалана отырып барлық облыс әкімдерінің назарын мынандай деректерге аударғым келеді: еліміздегі ауруханалардың 26 пайызы автоматты өрт дабылы жүйесімен жабдықталмаған, денсаулық сақтау нысандарының 31 пайызының өрт автоматикасы ақаулы жағдайда. Премьер-Министрдің қатаң нұсқауы бар. Облыс әкімдерінің назарын осы кемшіліктерді жоюға аудартқым келеді», деді отырыста В. Божко.

Оның айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігі Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша, осы жылдың басында медициналық мекемелерге  және білім нысандарына тексеру жүргізген. Оның нәтижесінде қауіпсіздік талаптарына қатысты кемшілік шыққан медициналық ұйымдардың қызметін тоқтату туралы 72 талап жіберілген. 

 В. Божко білім беру нысандарында да қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты қиындықтар барын атап көрсетті. «Біз 6 мың 352 білім нысанын - мектептерді, балабақшаларды тексердік. Бес мыңнан астам адамды жауапкершілікке тарттық», деді ол.

Оның айтуынша, республикамыздағы мектептердің 38 пайызы автоматты өрт дабылы жүйесімен жабдықталмаған, 23 пайызында өрт автоматикасы жұмыс істемейді. «Біз соттар арқылы мектептердің де, оқу мекемелерінің де қызметтерін тоқтаттық. Әрине, біз мектептер мен ауруханалардың тең жарымын жаба алмаймыз. Тағы бір айт назар аударатын жайт, әкімшілік тарапынан өртке қарсы шараларды қаржыландыру және бақылау төмендеп кетті», деді ол.