Еліміздегі ауыл шаруашылығы дақылдарының жай-күйі талқылануда

None
АСТАНА. 28 маусым. ҚазАқпарат - Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Алмалыбақ кентіндегі Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты базасында «Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқым шаруашылығын дамытудың жай-күйі мен перспективалары» деген тақырыпта екі күндік халықаралық кеңес өткізілуде.

Елімізде көп жылдан бері селекциялық-генетикалық жұмыс дәстүрлі селекция тәсілдерімен де, гендік инженерия, биотехнология тестері арқылы да жүргізіліп келеді. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-дың өзінде ғана дәнді, дәнді-жемшөп дақылдары, дәнді-бұршақ, майлы, жемшөп, техникалық дақылдардың 400-ден астам  жаңа сорттары мен будандары шығарылып, оның 135-і республикамызда және одан тысқары жерлерде өндіріске енгізілген. Жыл сайын институт арнайы питомникте дәнді масақты дақылдардың 450 тонна жоғары сапалы тұқымын, 130 тонна дәнді жемшөп дақылдарының, 120 тонна дәнді-бұршақ дақылдарының, 60 тонна мақсарының, 50 тонна жүгерінің, 30 тонна жемшөп дақылдарының тұқымын өндіріп, еліміздің оңтүстік-шығыс өңіріндегі элиталық тұқым шаруашылықтарын қамтамасыз етіп отыр. 

Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ селекциялық жұмысты қарқынды жүргізіп отыр. Мұнда 23 түрлі көкөніс-бақша дақылдары бойынша зерттеулер жүргізіледі. 19 дақыл түрлері бойынша ғалымдар 100 сорт пен буданды аудандастырған. Оның ішінде: картоп, пияз, қияр, қызанақ дақылдары ашық және жабық топырақта өсіру үшін мейлінше көп тараған, сондай-ақ бұрыш, сәбіз, қызылшаны атап айтуға болады. Бақша дақылдары бойынша ҒЗИ селекционерлері қарбыз, қауын, асқабақ саласында да зерттеу жұмыстарын кең ауқымда жүргізуде. Республикамызда отандық картоп селекциясының 38 сорты, сонымен бірге Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ селекциясының 25 сорты, Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ-мен ынтымақтаса отырып басқа да ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары әзірлеген 13 сорт өндіріске енгізілген. Оның ішінде «Ақ көл», Ақ сор», «Астана», «Ауыл»,  «Қарасай»,  «Көкшетаулық»,  «Қоғалы»,  «Мирас»,  «Тамаша»,  «Ұлан»,  «Шортанды»,  «Қостанай жаңалығы»,  «Арайлы таң», «Қазақстандық» және т.б. атауға болады. Ал, енді көкөніс дақылдары бойынша мәселе біршама күрделі.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері селекционер ғалымдармен қоян-қолтық ынтамақтастықта жұмыс істегенде ғана ұта алатынын ғалымдарымыз дәлелдеп отыр. Өнім өндірушілерді мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаудың іске асырылуы, селекционер ғалымдардың құқықтарын қорғау - кезек күттірмейтін маңызды мәселелердің бірі. Өсімдіктердің сорттары мен жануарлардың тұқымдарын тұтынушылардан «роялти» алудың тиімді тетіктерін әзірлеу қажет. Осы мақсаттар бойынша Германия, Франция, Түркия және Кедендік одақ (Ресей, Беларусь) елдерінің ең озық тәжірибелерін қолдануға көшуді қамтамасыз ету керек.