Еліміздегі ажалын судан тапқандардың көбісі - суға мас күйінде шомылғандар

АСТАНА. 8 тамыз. ҚазАқпарат - Биылғы жеті айдың ішінде 50 бала суға кетті. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Төтенше жағдайларды жою департаменті Апаттық құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бас сарапшысы Серік Берсімбаев мәлім етті.

«Биылғы 7 айда еліміздің су айдындарында 1 078 адам зардап шекті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға төмен. Соның ішінде ағымдағы жылы ҚР ТЖМ суда құтқару қызметінің құтқарушылары 777 адамды (оның 209-ы балалар) құтқарды. 301 адам суға кетті (оның 50-і балалар)»,- деді бас сарапшы.

Белгілі болғандай, азаматтар көбінесе Алматы (63 адам), Қостанай (28), Солтүстік Қазақстан (27) және Қызылорда (25) облыстары аумағындағы су айдындарында суға батқан.

Оның айтуынша, өзендер мен көлдерде адамдар көп жағдайда қауіпсіздік ережелерін сақтамай, жабдықталмаған жерлерде шомылады. «Суға кеткендердің жалпы санынан 52 пайызы немесе 158 оқиғада адамдар жүзу білмеу, өз күшін жете бағаламау, жүзу құралдарында жеке құтқару жабдықтарынсыз отыру секілді себептермен опат болды. Ал 93 оқиға (31 пайызы) суға мас күйінде шомылуға байланысты, сондай-ақ 50 оқиға (17 пайызы) балалардың ересектердің қарауынсыз суға түсуі салдарынан болып отыр»,- деп түйді С. Берсімбаев.