Еліміздегі азық-түлік тауарлары алыпсатарлардың бағасымен сатылып жатыр

АЛМАТЫ. 19 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеден одағын қазір оңай олжа іздегендер өз пайдасына оңтайлы қолдануда.

Бұл туралы бүгін Алматыда "Кеден одағының шекараны ашуының ықпалы: оң және теріс ықпалдастық" деген тақырыпта өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

"Азық-түлік тауарлары қазір алыпсатарлардың қойған бағасымен сатылып жатыр. Мәселен өзіндік құны - 30-40 теңге болатын қызанақтың бағасы 200-400 теңгеге дейін шарықтап кетті. Өндірушілердің өнімдері нарыққа әртүрлі делдалдар арқылы түсуде", - дейді "Қазақстан кеден декларанттары одағы" қауымдастығының президенті Нұрлан Бұршақбаев. Оның айтуынша, жеміс-жидек пен көкеніс бағасы бүгінгі таңда қаланың ішінде де, сыртында да бірдей боп кетті. Өнімнің өзіндік құны мен делдалдар қосқан үстеменің арасы өте үлкен. Оны мемлекеттік органдар реттей алмай отыр. Бұл жұртшылық арасында экономикалық ықпалдастыққа деген қоғамдық көзқарасқа өз әсерін тигізуде.