Еліміздегі балалардың 32,7 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған

АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздегі балалардың 32,7 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өтіп жатқан «Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі» атты ғылыми конференция барысында баяндама жасаған ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өз сөзінде министр еліміздің ұлттық білім беру жүйесінде қазақ тілінің мәтебесін нығайтуға игі ықпалын тигізген жұмыстарға тоқталып өтті. Мәселен, Ж. Түймебаевтың сөзіне қарағанда біріншіден, елімізде қазақ тілінде білім беретін оқу орындарының желісі кеңейтілген. Екіншіден, қазақ тілінен басқа тілдегі мектептерде, ЖОО-дағы орыс тілінде білім беретін топтарында қазақ тілінің оқу сағаттары артқан. Үшіншіден, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытатын мамандар даярлығын көлемі өсті. Төртіншіден, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге оқуға үміткерлер үшін қазақ тілінен емтихан тапсыру талабы енгізілді. Бесіншіден, ұлттық біріңғай тестілеу барысында қазақ тілінен басқа тілде оқытылатын мектеп түлері қазақ тілінде тест тапсыратыны жолға қойылды.

«Жалпы, туған тіліміздің өрісін кеңейтіп, өресін биіктететін аса пәрменді тетіктердің бірі қазақ тілінде білім беретін ұйымдардың көбеюі болмақ. Бүгінгі күні республикада 4 мың 972 балабақша мен шағын орталықтар қызмет етеді, онда еліміздегі балалардың 32,7 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Мектепке дейінгі тәрбие беретін ұйымдардың 65,2 пайызында қазақ тілінде тәрбиелеу жүргізіліп отыр», деді Ж. Түймебаев. Оның айтуынша, соңғы он жылда қазақ тілінде тәрбие беретін ұйымдар қатары 2 мың 260-қа артқан. Ал соңғы үш жылда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 10 мекеменің жұмысы толықтай қазақ тіліне көшірілген.