Еліміздегі дәріханаларда парацетамол көлемі артты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков коронавирус індеті таралған кезде парацетамол тапшылығы неліктен болғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз үнемі отандық өндірушілерді қолдауға дайынбыз. Олар жаңағы парацетамол, аспирин және басқа да қажетті дәрілерді шағаруына қолдау жасаймыз. Бұл мәселеде халық тарапынан сұраныстың күрт артуы парацетамолдың осындай тапшылығын көрсетті», - деді Н. Асылбеков Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде нарықты дәрі-дәрмекпен толықтыру жұмыстары жүріп жатыр. Осы орайда парацетамол дәріханалар мен қоймаларда еселеп артты. Сәйкесінше, өндірушілер өздерінің өндіру қуатын жоғарылатты,

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков COVID-19 індетінен емдеу үшін дәрілік заттардың 48 пайызын отандық өндірушілер өндіріп жатқанын айтты.

Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов медицина жүйесі алдағы коронавирус індетінің таралуы мүмкін жаңа толқынына дайын екенін айтты.