Еліміздегі денсаулық сақтау мекемелерінде тегін медициналық көмек ақылы көрсетілуде - Бас прокуратура

АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Еліміздің денсаулық сақтау саласында кепілдендірілген тегін медициналық көмек тізіміне кіретін қызметтер үшін тұрғындардан қаржы талап ету әрекеттері анықталды.

 Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның айтуынша, прокурорлар бұл әрекеттерді еліміздің денсаулық сақтау саласына кепілдендірілген тегін медициналық көмектің жүзеге асырылу барысын тексеру кезінде анықтаған. «Мысалы Қостанай облысындағы ауруханалардың бірінде жатқан А.Дәндібаевтан УЗИ аппаратымен және фиброскоппен тексеру үшін 4 мың 425 теңге  талап етілген. Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы перинаталдық орталықта 7 жасар А. Решетовқа тексеру жұмыстары ақылы түрде жүргізілген. Ал тап осындай тексеру жұмыстары өзге азаматтарға және перинаталдық орталық мамандарына тегін жүргізілген. Мемлекетке келген шығын 294 мың теңгені құрады», деді ресми өкіл.

 Оның мәліметтеріне қарағанда, медициналық көмек көрсеткені үшін заңсыз түрде ақы алу әрекеттері Астана қаласы мен Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында орын алған. Республика бойынша мұндай заңсыздықтардың 239-ы анықталған.