Еліміздегі элеваторлардың жалпы сыйымдылығы 15 млн. тоннаға дейін жеткізіледі

АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Республикадағы элеваторлардың жалпы сыйымдылығын 15 млн. тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сақташ Хасенов мәлім етті.

Оның хабарлауынша, бүгінгі таңда республикада лицензияланған 223 элеватор бар. Олардың жалпы сыйымдылығы - 13,5 млн. тонна. «Әрине, астық мол жиналатын жылдары элеваторлардың жетіспеушілігі сезіледі. Оған қоса, елімізде бар элеваторлардың басым бөлігі сонау Кеңес өкіметі кезінде салынғандықтан, қазіргі кезде олардың материалдық-техникалық жағдайы сын көтермейді. Осыны ескере отырып, алдағы уақытта элевторлардың жалпы сыйымдылығын 15 млн. тонаға дейін жеткізу жоспарланып отыр», - дейді С.Хасенов.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, элеваторлар жеке кәсіпкерлердің қолында қала бермек.