Еліміздегі энергия өндіретін кәсіпорындарды мемлекеттендіру мәселесі алдыға қойылып отырған жоқ - Н.Алдабергенов

АСТАНА. 1 маусым. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Елімізде энергия өндіретін кәсіпорындарды мемлекеттендіру мәселесі алдыға қойылып отырған жоқ.

Алайда энергия өндіру саласына жеке меншіктегі капиталды тарту немесе жеке меншік пен мемлекеттік әріптестікті дамыту маңызды мәселелердің бірі деген ойдамын», -деді бүгін Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов. Бұл туралы ол бүгін Bnews.kz порталы студиясында өткен интернет-конференция барысында айтты.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде елдегі энергия өндіруші кәсіпорындардың бір бөлігі коммуналдық меншікте, бір бөлігі жеке меншікте. Осыған қарай олардың атқарған жұмыстарының нәтижелері де әртүрлі. «Мысалы коммуналдық кәсіпорындарда ылғи да қаржы жетіспейді. Бюджетке тапсырыс беріп, мемлекеттен қаржы алады.

Сол қаржыға өмір сүреді. Ал жеке меншіктегі кәсіпорындардың оларға қарағанда жағдайлары жақсы. Сондықтан да болар олар тиімді жұмыс істейді»,-дейді агенттік төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, 2020 жылға дейін 26 су арнасына бірте-бірте жеке капиталды тарту мәселесін жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл шара аталмыш арналардың жұмыс тиімділігін арттырары сөзсіз. «Ал энергия өндіретін кәсіпорындарды мемлекеттендіру керек деген мәселе тұрған жоқ. Біз барлық жұмысты әріптестік қатынас негізінде жүзеге асыруымыз керек», -деді Н.Алдабергенов.