Еліміздегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері референдум өткізуді қолдап отыр

АЛМАТЫ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Еліміздегі орыс, славян, казак және басқа да этномәдени бірлестіктердің басшылары Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі референдумды қолдайтындықтарын білдіріп, үн қатты.

«Тұңғыш Президенттің басқаруымен біздің республика әлі де биік белестерді бағындырып, мәнді нәтижелерге қол жеткізе отырып, ішкі және сыртқы саясаттағы жетістіктерімен Орталық Азияға үлгі болады», - делінген этномәдени бірлестік жетекшілерінің үндеуінде.

Қазақстан халықтары Ассамблясының мүшесі, «Вошил» - «Братство» Ингуш мәдени орталығының төрағасы, ҚР ҰҒА академигі Сұлтан Оздаев 1995 жылы алғаш Президенттің өкілеттігін ұзартуға бағытталған референдум кезінде "бұл дұрыс шешім бе?" деген сұрақтар туғандығын айтады. «Алайда, уақыт біздің дұрыс шешім қабылдағанымызды көрсетті. Қазақстандықтар барын қадірлей білу керек, елде бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін референдумды биыл өткізу керек», - дейді С.Оздаев.