Еліміздегі халықаралық келісімдер қайта зерделеніп, оларды бюджетті қалыптастыру барысында пайдалану керек - Есеп комитетінің төрағасы

None
АСТАНА. Маусымның 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздегі халықаралық келісімдер қайта зерделеніп, оларды бюджетті қалыптастыру барысында пайдалану керек. Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бойынша баяндама жасаған Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жыл сайын республикалық бюджеттен еліміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге елеулі қаражат бөлініп отырады. Десек те, қорғаныс министрлігі халықаралық келісім аясында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы елдерде өндірілетін әскери техника мен қару-жарақты қолайлы бағамен сатып алу мүмкіндіктерін пайдаланбай отыр», деді О. Өксікбаев.

Оның айтуынша, көптеген қаржы көзі әлі де бюджетке толық қызмет атқармай жатқан жер қойнауын игеру туралы шарттарда да баршылық. Мәселен, Қазақстанның мамандарын оқыту үшін инвесторлар жыл сайын 20-30 млрд. теңге шығындайды екен. Комитет төрағасы бұндай қаржы көзінің ел бюджетін жоспарлауда ескерілуі қажеттігін алға тартты.

«Бұндай олқылықтар көптеген халықаралық келісімдерде бар. Ендеше, барлық халықаралық келісімдердің қайта зерделеніп, республикалық бюджетті қалыптастыру және іске асыру кезінде барынша пайдаланылғаны өте орынды болар еді. Бұл Үкіметке үлкен жауапкершілік жүктейді», деді О. Өксікбаев.