«Республика бойынша 4 ай бойы әлеуметтік әріптестікті нығайтып, ел игілігі үшін бірлесіп еңбек етуге бағытталған «Бірлігіміз жарасқан» шарасы аясында түрлі игілікті жобалар, жұмыстар, бастамалар жүргізілуде. Біз қарапайым қазақстандықтардың жасалып жатқан аталған істерін бір үлкен әрі маңызды әлеуметтік байқауға біріктіруді шештік. Бұл байқауды біз «Бірлігіміз жарасқан» ұлттық сыйлығы» деп атадық», дейді Қазақстанның азаматтық альянсы ұйымының директоры Алина Хаматдинова.
«Бүгін бұл байқауға старт береміз. Біз үлгі боларлық неғұрлым көп адамдарды, қаһармандарды іздейміз. Біздің арамызда қоғамға жағымды, маңызды іспен айналысатын адамдар бар. Біздің әрқайсысымыздың жадымызда ерлікке немесе биік адамгершілікке жататын үлкен істер жасаған әріптестеріміз туралы аңыздар сақтаулы. Адамдар осы өздерінің оқиғаларын жазып, қаһармандарды сыйлыққа ұсына алады», деп атап көрсетті ол.
«Қарашаның соңында журналистер, музыканттар мен қоғам қайраткерлері мүшесі болып табылатын қоғамдық кеңес сыйлыққа лайықты абзал жандарды таңдап, оларды Қазақстанның патриоттары, азаматтық қаһармандар деп атайды», деді А. Хаматдинова.
Сыйлықты ұйымдастырушылардың бірі Қоғамдық саясатты дамыту институтының директоры Шолпан Байболованың айтуынша, сыйлық ақшалай емес. Жеңімпаздарға сыйлықтың айшықты рәмізі Астанада салтанатты жағдайда табысталады.
«Байқау лауреаттары 7 -еу болады деп жоспарлануда. Оған өз саласында ерлік жасаған азаматтар ие болады. Біз олардың жасына, ұлтына, дініне, әлеуметтік жағдайына қарамаймыз. Біз ол адамдардың саясаткерлер, жұлдыздар және шен-шекпенділердің арасынан емес, аймақтардағы қарапайым халықтың арасынан шыққандарын қалаймыз», деп жалғастырды Ш. Байболова.
Оның айтуынша, әрбір азамат қаһарманға лайық деп тапқан досын, туысын, тіпті өзін ұлттық сыйлыққа үміткер ретінде ұсына алады. Ол үшін Қоғамдық саясатты дамыту институтының директоры Шолпан Байболованың атына хат жазуы керек (e-mail: info@lichnost.kz ). Хатта ұсынылған адамның неліктен бұл сыйлыққа лайықты тұлға екендігін, оның ерлігі баяндалған әңгімесі толық жазылуы тиіс.