Аталмыш мәселе бойынша елде арнайы тексеру жұмыстарын жүргізген Бас прокуратура өкілдері осындай байламға келіп отыр. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының қоғамымызда салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп отырғаны баршаға мәлім. Ал бұл міндетті талапқа сай атқару үшін дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясатты тұрақты жүзеге асыру қажет. Прокуратура органдары осы мақсатпен арнайы тексеру жүргізді.
Ал оның нәтижесі елде аптасына ең кемінде 3 сағат дене шынықтыру жұмыстарын жүргізу жөніндегі талаптардың тиісінше орындалмайтындығын көрсетті. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалардың арнайы медициналық топтарда спортпен шұғылдануы жөніндегі құқықтары да сақталмайды», деді ресми өкіл.
Ол таратқан мәліметтер бойынша, елдегі мектептердегі спорт залдардың жағдайы талапқа сай емес. Ал енді біреулерінде мұндай залдар мүлдем жоқ. Барларының өзінде спорттық құрылғылар жетіспейді. Ал дене шынықтыру пәнінен арнайы педагогикалық білімі жоқ азаматтар сабақ беріп жүр. «Мысалы Жамбыл облысының Талас ауданында 29 мектептің 16-ында спортзал жоқ. Өкініштісі, бұл мәселе қазір тек ауылдық аймақтарда ғана өзекті болып отырған жоқ. Қызылорда қаласындағы 4 мектеп апатты жағдайда тұр. Ал тағы
6 мектепте спорт залын салу мәселесі жоспарда да болмаған.