«Егер рынок реттелетін болса, егер арнайы заң қабылданса (бензиннің бөлшек саудадағы бағасының шекті құны туралы), онда сонымен бір мезгілде екіжақты баға да, яғни көтерме сауда бағасы да реттелуі шарт еді. Ал бізге тек үстеме баға 10-нан 25 пайызға дейінгі аралықта ғана рұқсат беріліп отыр. Сондықтан да, біз бұндай заңның нарық заңдылығына қайшылығын мәлімдейміз, өйткені кез келген нарықта сұраныс ұсынысты анықтайды», - дейді «Аурика» май құю бекетінің директоры Николай Серебряков.
Естеріңізге сала кетейік, Үкімет АИ-92 бензин маркасының бөлшек саудадағы ең жоғары бағасы ретінде 102 теңгені бекіткен болатын. Ал баспасөз мәслихаты барысында автомайқұю бекеттерінің директорлары бензиннің көтерме саудадағы бағасының өзі 104-105 теңгені құрап отырғанын алға тартады. Олардың айтуынша, табыс табу үшін әрбір литр бензиннен кем дегенде 7 теңгеден кіріс көруі керек.
Өз кезегінде жиынға қатысқан «Атамекен» ҰЭП одағының құқықтық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Тимур Нұғманов Мұнай және газ министрлігіне осы мәселенің жолданатынын атап өтті.
«Әрине, біз май құю бекеттері иелерінің ұсыныстарын жеткізетін боламыз. Өйткені бұнда кәсіпкерлердің құқы тікелей тапталып тұр, ендеше қандай да бір ортақ шешімнің болғаны абзал», - деді Т. Нұғманов.