Бұл туралы комитеттің баспасөз қызметінен хабарлады.
Қолданыстағы заңдарда бұрын кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың белгілі бір түрін жасаған, сондай-ақ соттылығы жойылмаған адамдарды білім беру мекемелері мен ұйымдарына жұмысқа алуға шектеу қарастырылған.
Алайда, кісі өлтіргені және жас балаларды зорлағаны үшін бұрын сотталған адамдарды орта мектепте жұмысқа алу фактілері анықталып, ол Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жүргізген тексеруі арқылы тоқтатылды.
Әр ата-ананың өз баласын бұрын қылмыс жасаған адамнан аулақтауға тырысатыны жасырын емес. Өз балаларының мектеп қабырғасында жүргеніне сенген олардың кейбір оқу орындарында осылайша соттылығы жойылған немесе ақталмаған негізде ісі қысқарған бұрын қылмыстың ауыр және аса ауыр түрлерін жасаған адамдар да жұмыс істейтіндігінен мүлдем хабарсыз екені сөзсіз.
Мәселен, бұрын жас балаларды зорлаған және оларды азғындыққа баулыған 4 адамның тікелей балалармен жұмыс істейтіні анықталды. Тіпті олардың біреуі ауыл мектептерінің бірінде кітапханашы болса, қалғандары ғимараттарға техникалық жағынан қызмет көрсетумен шұғылданатын болып шықты.
Тексеру кезінде қылмыстың басқа да түрлерімін сотталған 20-дан астам мұғалімнің соттылығының жойылмағаны немесе алынбағаны анықталды.
Ал бұрын кісі өлтірген, әйел зорлаған, есірткі сақтаған және басқа да ауыр қылмыс жасаған 60-тан астам адам соттылығы жойылғаннан кейін мектептерде жұмыс істеп жүрсе, олардың үштен бірі тікелей бала оқытумен және тәрбиелеумен айналысады.
Бұрын кісі өлтірген осындай бір адам соттылығы жойылғаннан кейін тіпті мектеп директоры болып отыр.
Бұл ретте мұндай жағдайдың орын алып отырғаны және ондайлардың еліміздің әр аймағында бар екендігі алаңдаушылық тудырады. Бұл тексерулерге колледждердің, кәсіби мектептердің, балалардың демалыс және дамыту, мәдениет мекемелері, кәмелетке толмағандар қатысатын басқа да ұйымдар қызметкерлері қамтылмағанын ескерсек, мұндай мысалдардың жалпы алғанда қазір анықталғаннан әлдеқайда көп екенін аңғару қиын емес.
Бүгінгі күні Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде қазіргі заңнамада соттылығы жойылған немесе алынған адамдар үшін тікелей шектеу болмағандықтан Білім және ғылым министрлігі адресіне осындай заң бұзушылықтарды жою және қолданыстағы заңнамаға, ескіру мерізіміне қарамастан балалармен жұмыс істеуге кесел келтіретін қылмыстар тізімін кеңейтуге бастамашылық жасау жөнінде шаралар қабылдау үшін ақпарат жіберілді.