Еліміздегі өмір сүру ұзақтығы артты - Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Онкологиялық дертке шалдыққандардың тізіміне 130 мыңға жуық адам тіркелген. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Тамара Вощенкова мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Еңбекке жарамды халықтың өлім-жітімі мен мүгедектігіне негізгі себепші дерттер - жүрек-қан тамыры, онкологиялық, туберкулез аурулары. «Осылардың ішінде, ең қауіптісі - туберкулез. Бүгінде бұл сырқатқа шалдығу көрсеткіші біршама азайды», - деді вице-министр. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында республика бойынша туберкулезбен ауыратын 325 адам анықталды. Оның айтуынша, өткен жыл мен биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өмір сүру ұзақтығы 5 пайызға артып отыр. Сондай-ақ жалпы өлім-жітім көрсеткіші де 5 пайызға төмендеген, бұған туберкулез, инфекциялық аурулардың және ана мен бала өлімінің азаюы әсер еткен.