Еліміздегі өнімдердің экспорты Ресей бағытында 56,1 пайызға, Беларус бағытында 2,6 есеге өсті - Қ.Келімбетов
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов мәлім етті.
«Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 айда тауар экспорты 36 пайызға артып, 11,6 млрд. АҚШ долларын құрады. Экспорттың құрылымында негізгі үлесті отын-энергетикалық тауарлар (76,2 пайыз), сондай-ақ металдар мен олардан жасалған бұйымдар (12,8 пайыз) құрады»,-деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, есепті кезеңде 11,2 млн. тонна мұнай және газ конденсаты экспортталды. Бұл көрсеткіш Қазақстан экспортының 70,4 пайыздан астам түсімін қамтамасыз етті. Сондай-ақ, импорт 3,8 млрд. АҚШ долларын құрап, 22,4 пайызға өсті. Ағымдағы жылдың 2 айындағы Кеден одағының жұмыс қорытындысы аясында еліміздегі өнімдердің экспорты Ресей бағытында 56,1 пайызға, Беларус бағытында 2,6 есеге өсті.
Қ. Келімбетовтің айтуынша, өз кезегінде Ресейден келетін импорт 33 пайызға артты. «Кеден одағы елдерімен сыртқы сауда көлемі 2,9 млрд. АҚШ долларына дейін, яғни 41,5 пайызға өсіп, Қазақстанның жалпы тауар айналымының 18,8 пайызын құрады»,-деді министр.