Еліміздегі педагогикалық институттарға университет дәрежесін беру керек - сенатор Ғ. Есім

АСТАНА. Қазанның 22-cі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Еліміздегі мемлекеттік педагогикалық институттарға университет дәрежесін беру керек.

 Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Ғарифолла Есім осылай мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кезінде қысқарып немесе өзге жоғары оқу орындарының құрамына енген Ақтөбе, Семей, Тараз, Қостанай, Павлодар, Арқалық қалаларындағы педагогикалық институттар 2004 жылы Президенттің бастамасымен қайтадан қалпына келтіріліп, оларға мемлекеттік мәртебе берілді. Аталған жоғары оқу орындарында 20-дан аса мамандық бойынша 24 мың 101 студент білім алуда, 1 мың 116 оқытушы, 49 ғылым докторы, 440 ғылым кандидаты мен 221 магистр дәріс береді. Сонымен бірге, Қазақстан бойынша жоғары оқу орындарының ішінде әскери, бірді-екілі жекеменшік жоғары оқу орындарын қоспағанда институт дәрежесінде қалып отырған осы алты оқу орны ғана. Бұл оқу орындарын «институт» деп атау олардың мәртебесін кішірейтіп, талапкерлердің, ата-аналардың қызығушылығын  төмендетіп қана қоймай, педагог мамандықты игергісі келетін үміткерлердің талабына кері әсерін тигізуде», деді сенатор.

Сонымен бірге, депутат жоғарыда аталған алты институттың арнайы педагогтар дайындайтын жоғары оқу орны екендігін айта келе, бұлардың қоғамдағы орны ерекше болу керектігін алға тартады. Жақында студенттер алдында Елбасының оқыған дәрісінде көтерілген мәселені де алға тартқан Ғ. Есім,  педагогтар тәрбиелейтін жоғары оқу орындарына жаңа көзқарас керектігін айтты.

«Аталған жоғары оқу орындарын институт дәрежесінен университет дәрежесіне көтерудің уақыты келді. 2008 жылы Қыздар педагогикалық институты Үкімет қаулысымен университетке айналған еді. Демек, жоғарыда аталған педагогикалық институттарға да университет мәртебесін беру заман талабы. Мен көптеген жылдар бойы жоғары оқу орындарында қызмет атқарған адаммын. Сондықтан, институттар мен университеттерге деген қоғамның, ұстаздар қауымының пікірін жақсы білемін. Сол себепті жоғарыда аталған алты педагогикалық институттарды университет дәрежесіне көтеру қажет. Мұны білім саласында сапалық жүйелікті жетілдіретін және педагог мамандар дайындау ісінде ерекше маңызды мемлекеттік деңгейдегі шара деп білемін», деді сенатор Ғ. Есім.