Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда еліміздің қылмыстық-атқару жүйесіне қатысты маңызды мәселелердің бірі - сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесі болып отыр. Сондықтан да алдағы уақытта сотталған азаматтарды ақылы еңбекке тартудың арнайы бағдарламасын жасаған жөн.
«Аталмыш шара бас бостандығынан айыру орындарынан босап шығатын азаматтардың қоғам арасындағы өмірге бейімдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұл мәселемен айналысу «Еңбек» мемлекеттік кәсіпорнына жүктелген. Ал бұл мекеме өзінің міндетін талапқа сай атқара алмай отыр. Оның басты себебі, аталмыш кәсіпорын коммерциялық бағыттағы ұжым. Сондықтан ол кез-келген мәселені өзінің мүддесіне қарай бұрады», - деді Бас прокурордың орынбасары.
Оның пайымдауынша, елімізде бас бостандығынан айыру орындарын салу немесе олардың қолда барын қайта жөндеуден өткізуге қажетті қаржы көлемін арттыру жағын қарастырған жөн. «Сондай-ақ сотталғандарға көрсетілетін коммуналдық, тұрмыстық, сондай-ақ медициналық қызметтердің талапқа сай болуын қадағалаған абзал», - деді А.Секішов.