Еліміздегі туризм бағыттары «Мәңгілік Ел» құндылықтарын насихаттауға ықпал етеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан туристерді тіркеудің әдістемесін өзгертеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2017 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның саяхат пен туризмнің бәсекеге қабілеттілігі индексіне сәйкес, Қазақстан 136 елдің арасында 81 орында тұр. Салыстыратын болсақ, 2015 жылы еліміз 85 орында, 2013 жылы - 88, ал 2011 жылы 139 мемлекеттің ішінде 93 позицияда тұрған еді»,-деп тоқталды министр 2023 жылға дейін Қазақстанның туристік саласын дамытудың тұжырымдамасы бойынша баяндамасында.

Еліміздегі туризм саласының көрсеткіштеріне тоқталатын болсақ, 2016 жылы ішкі саяхатта болғандар 9,6 млн адамды құрады, сондай-ақ мемлекетімізге сапарлаған шетелдіктер 6,5 млн адамға жетті.

«Статистикаға сүйенсек, шетелдіктердің 90 пайызы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан секілді ТМД елдерінен келгендер. Қалған 10 пайызы Қытай, Түркия мен Иран және өзге мемлекеттердің азаматтары. Қазіргі кезде ҚР ҰЭМ Статистика комитетімен, «Маккензи» мен «Реформатикс» компанияларымен, сонымен қатар ЮНВТО және Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесе туристерді тіркеудің әдістемесін өзгерту бойынша жұмыстарды жүргізудеміз»,-деді А. Мұхамедиұлы.

«Еліміз бай туристік-рекреациялық әлеуетке ие бола тұра, туризмнің басымдықты түрлері үшін жеткіліксіз даму деңгейі байқалуда. Жаңадан енгізілетін түрлері «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы құндылықтарын насихаттауға ықпал ететін болады. Біздің ойымызша, Қазақстанның туристік қызметтерін өткізудің әлеуетті нарығына Ресей, Қытай, Түркия, Иран, Үндістан, Парсы шығанағы елдері және дамыған елдердің біршама үлесі қамтылуы мүмкін»,-дейді ведомство басшысы.

Айта кетейік, жаңартылған тұжырымдама жобасында мәдени-танымдық және этнографиялық туризм, оқиғалық, балалар мен жасөспірімдер туризмі, медициналық, кемпингтік, аңшылық-трофейлік және спорттық туризм ескеріліп отыр.