Еліміздегі түрлі ұлт ақындарының өлеңдері жинақталған антология жарыққа шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік елім менің» поэзиясы антологиясының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Қазақстан халқы Ассамблеясының сайты.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, қоғам қайраткерлері, ғылыми мен шығармашылық зиялылары, шығармалардың авторлары, Қазақстанның танымал жазушылары мен ақындары, БАҚ өкілдері қатысты. 

«Мәңгілік елім менің» антологиясы Қазақстан жазушылар одағы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Altyn Kyran» халықаралық қайырымдылық қорының қолдауымен жарыққа шықты.
«Бұл кітаптың басқа кітаптардан жөні де, жолы да бөлек. Себебі, мұнда Қазақстандағы түрлі ұлт өкілдерінің ең үздік шығармалары топтастырылған. Қай оқырманға да оқуға ыңғайлы антология екі тілде қатар берілгенімен де құнды деп есептеймін. Осы жобаны жүзеге асырғаны үшін Қазақстан Жазушылар одағына, үлкен қолдау көрсеткен Қазақстан халқы Ассамблеясына өз ризашылығымды білдіремін», - деді «Altyn Kyran» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов. 

Антологияда Қазақстандағы түрлі ұлт ақындарының (қазақ, орыс, ұйғыр, күрд, татар, украин, белорус, неміс, кәріс, армян, шешен, ингуш, түрік, осетин, дүнген және т.б.) өлеңдері жинақталған.

50 автордың өлеңдері мемлекеттік тілде жарық көріп, орыс тіліне аударылды.