Олар өздерінің шағымдарын Астана қаласы кәсіпкерлер палатасында өткен Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және жемқорлықпен күрес кеңесінің отырысында айтты.
Елордалық бизнесмендердің айтуынша, ресейлік зергерлік зауыттар мен саудагерлер Астанада ай сайын өтетін көрмелерді сауда орнына айналдырып, Қазақстан Республикасының қазынасына салынуы тиіс салықтан айналып өтіп, тауарларын бірнеше есе төмен бағамен өткізеді. Соның салдарынан Қазақстан заңнамасына сай барлық салықтарды төлеп отырған жергілікті кәсіпкерлер бәсекеге қабілетті болмай отыр. Кейбір зергерлік дүкендер тіпті жабылуға шақ қалдық деп шағымдануда.
Кеңес отырысында анықталғанындай, 2016 жылы қабылданған «ҚР Бағалы металлдар мен асыл тастар туралы» заңның 12 бабы 4 тармағы бойынша, елде өндірілген және өткізілетін бағалы зергерлік бұйымдар таңбалауға және сынамалауға жатқызылады. Дегенмен іс жүзінде құзырлы органдар ол мәселені қадағалаудың тетігін қарастырмаған. Осы олқылықты Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің кәсіпкерлері өз пайдасына қолданып келеді.
Осыған байланысты, Астана қаласы кәсіпкерлерінің палатасы Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одақ елдері кәсіпкерлерінің қатысуымен өтетін көрме мен жәрмеңкелерді ұйымдастыру ережелерін жасақтауды дұрыс деп тапты. Бұл ереже бағалы металлдар мен тастарды елге әкелу және қайта шығару процедураларын реттейтін болады.