Министрге депутаттық сауал жолдаған мәжілісмен қазіргі «Қазақ спорты» (бұрынғы «Спорт» газеті) мен «Спорт» газеті екі тілде бөлек шығатын Қазақстандағы тұңғыш спорт басылымдары екенін атап өтті.
«Тарихы 1959 жылдың 1 қаңтарынан басталатын бұл басылымдарға 2019 жылы алпыс жыл толады. Кезінде қазақ спортының көш басында тұрған Нұрмұханов, Айханов, Сегізбаев, Қонақбаев, Үшкемпіров секілді және бүгін де Қазақстанның әлемге танытып отырған мыңдаған саңлақтарымыздың жеңісін сүйіншілей хабарлаған осы - қос басылым», - деді депутат.
Оның айтуынша, 2014 жылы газеттің ақпараттық-сараптамалық экспедициясы «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып, бүкіл республика аумағына іссапарға шығып, «Дені саудың - жаны сау» атты дөңгелек үстел өткізген. 2020 жылға дейін ел халқының 30 пайызын спортқа тарту туралы Президент тапсырмасына орай облыс әкімдері арасында «Спортқа қалайсың әкім» атты байқау, «Спортқа қамқоршы әкім», «Спортшы әкім» аталымы бойынша рейтинг әзірлеген.
«Ал қазақ тілінде «Қазақ спортынан» басқа басылым атаулы жоқ. Орыс тілді басылымдар онсыз да көп. Ресейден келетін «Советский спорт», «Спорт Экспресс» секілді көптеген басылымдар жетіп артылады. Сол сияқты «Про спорт» та солардың бір көшірмесі. Ал «Қазақ спорты» республикада қазақ спортының күйін күйттеп жүрген бірден-бір басылым», - деді Жамбыл Ахметбеков.
Барлық мерзімді бұқаралық ақпарат құралдары жеке қолдарға өткен кезде республикалық спорт ведомствосының қол астында болып келген бұл басылымдарға «Алатау баспа» полиграфия корпорациясы құрылтайшы атанған.
«Бүгінгі күнге дейін қал-қадірінше қаржыландырылып келеді. Бірақ қазақша және орысша екі газетті қосқанда 8 беттен, 16 беттік аптасына бір рет тоқтаусыз шығарып тұру оңай емес. Өте көп қаражатты қажет етеді. Егер қазақ спортының алпыс жылдық тарихы бар басылымының жабылып қалу қаупі төніп тұрғандықтан, сізден көмек күтіп, қолдауыңызды сұраймыз», - деді Абаевқа арнаған сауалын аяқтаған депутат.
фото:imenno.ru