Еліміздегі жекеменшік еңбек агенттіктерінің құзіретін заңдық тұрғыдан қайта қарау қажет - Қ. Сәдуақасов

әуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздегі жекеменшік еңбек агенттіктерінің құзіретін заңдық тұрғыдан қайта қарау қажет.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстанның көші-қон заңнамасы: жетілдіру жолдары» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында депутат Қайрат Сәдуақасов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы, халықаралық ұйымдардың болжамы бойынша, егер Қазақстанның экономикалық өсім қарқыны тұрақты болатын болса, елімізге келетін еңбек мигранттарына қажеттілігі де арта түседі. Демек шетелден келетін еңбек мигранттары проблемасы алдағы жылдары да күрделі мәселеге айналып кетуі ғажап емес», деді депутат. Осы ретте Қ. Сәдуақасов Парламентте талқыланып жатқан заң жобасына қатысты бірқатар пікірлерін ортаға салды.

«Біріншіден, еліміздегі жекеменшік еңбек агенттіктерінің құзіретін заңдық тұрғыдан қайта қарау қажет. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, бұндай агенттіктердің құзырына бірқатар міндеттерді жүктейді. Атап айтқанда, ондай агенттіктер еңбек мигранттарын тіркеу, жұмысқа орналастыру, денсаулығын қадағалау, әлеуметтік, құқықтық тұрғыдан қорғау, олар жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға ақпарат беріп тұру секілді жауапты жұмыстарын да атқарады. Сондықтан да, Қазақстандағы жекеменшік еңбек агенттері өздерінің құқықтық мәртебесін заңды тұлға ретінде бекітіп, лицензия алулары қажет. Екіншіден, шетелдік еңбек мигранттары үшін қазақ тілін ең құрығанда орташа дәрежеде білуі міндеттеу керек. Бұл да олардың ортаға сіңісуіне жол ашатын қадам. Олардың қоғамдық қатынастарында тілдік кедергілердің болмауына үлкен әсер етеді. Үшіншіден, әрбір еңбек мигрантына кепілдік депозит ашуды міндеттеу қажет. Егер заң бұзып, оларды елден аластау қажет болған жағдайда осы салым ел бюджетіне аударылып, елден шығарып жіберуге кететін шығынның орнына құйылады», деді депутат.