Еліміздегі жүйке ауруын емдейтін мекемелердегі заңсыздықтың салдары қайғылы жағдайларға душар етуде

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Азаматтардың Конституциялық құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында еліміздегі психиатриялық стационарларға тексеру жүргізген Бас прокуратура аталмыш мекеме өкілдерінің 7 мыңнан астам азаматтардың құқықтарын бұзғандығын анықтады. Бұл мәселелер жөнінде бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, Алматы қаласының прокурорлары республика азаматын ішкі істер органы тергеушісінің қаулысының негізінде мәжбүрлі түрде Психикалық денсаулық орталығына жатқызған. Ал заңға сәйкес, мұндай шара сот шешімінің негізінде жүзеге асуы тиіс. Сондай-ақ Қарағанды және Қостанай облыстарында медицина қызметкерлері мәжбүрлі түрде жатқызылған ауру азаматтардың емханада болу мерзімін ұзарту туралы заң талаптарын да бұзу жағдайлары анықталды.

«Ал кей жағдайларда медицина қызметкерлері ауру азаматтарды ауруханадан мерзімінен бұрын шығарып жіберіп, нәтижесінде науқастардың заңсыз әрекеттерге бару жағдайлары да орын алды. Осындай мысалдардың бірі Қостанай облысындағы психиатриялық ауруханадан шығарылған азамат, өзі босағаннан кейін бір ай өтпестен анасы мен баласын өлтірді», - деді ресми өкіл.