Еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны баспаналы болды

Фото: None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда Тұңғыш Президент күні қарсаңында еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кішкентай Мүслима Саматқызының ата-анасына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. 

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша, 2017 жылдың 11 мамырында Қазақстан Республикасы халқының саны 18 млн-ға жетті. Есеп бойынша Талдықорған қаласында туған Муслима Саматқызы 18 миллионыншы тұрғын атанған болатын. Несібелі нәресте отбасының екінші баласы. Сәбидің анасы Диана Омарханова 1991 жылы туған, қаладағы № 16 мектепте дефектолог маман болса, әкесі Бестібаев Самат 1982 жылы туған, № 5 мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.
 

Сондай-ақ, бүгін  Талдықорғанда 18 миллионыншы тұрғыннан өзге 118 отбасы баспаналы болды.  Салтанатты жиында 64 және 55 пәтерлік екі үй пайдалануға берілді. Біріншісі тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына арналған, екіншісі - коммуналдық баспана.