Еліміздің 5 қаласында радиациялық онкология орталықтары ашылады

АСТАНА.  7 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанның 5 қаласында радиациялық онкология орталықтары ашылады.

Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Онкологтар мен радиологтардың VII съезі аясында рm.kz сайтына берген сұхбатында  Қазақ онкология және радиология ҒЗИ директорының орынбасары Дәулет Байпейісов мәлім етті.

«Бүгінгі күні көптеген қазақстандықтар шетелдерге барып, Қазақстанда қолжетімсіз емдеу түрлерін алады. Осы жағдайды өзгерту үшін Ақтөбе, Астана, Қарағанды, Алматы және Семей қалаларында медициналық ЖОО базасында жоғары технологиялы 5 радиациялық онкология орталықтары  ашылатын болады», - деді Д.Байпейісов.

Оның айтуынша,  радиациялық онкология орталықтары медициналық  сәулелік терапия қондырғыларымен жарақталады. Әр орталық 2-3 облысты қамтып, сол арқылы барлық өңірлердің халқына  қажетті жәрдем көрсетіледі.  Бұдан басқа, Семей қаласындағы онкологиялық диспансер базасында 2013 жылдың соңында  өз жұмысын бастайтын ядролық медицина орталығы салынуда, Алматыдағы онкологиялық институт базасында да 2014 жылы ядролық медицина орталығы құрылады. Бүгінгі күні Астанадағы Республикалық диагностикалық орталығында осындай орталық жұмыс істеп тұр.   Бағдарлама бойынша протонды терапияны, сондай-ақ барлық дамыған елдерде қолданылатын емдеудің басқа да инновациялық әдістерін дамыту көзделуде. «Аталған барлық  әдістемелер мен технологиялар онкологиялық науқастар арасындағы өлімді азайтып, өмір жасын ұзартуға бағытталған», - деп қорытындылады сөзін Д.Байпейісов.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда онкологиялық жәрдемді дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асырылуда.  Бағдарламаның мақсаты алдын алу және жоғары технологияларды енгізу арқылы онкологиялық науқастар арасындағы өлімді азайтып, өмір жасын ұзарту  болып табылады.