Еліміздің 866 техникалық- кәсіптік білім беретін оқу орындарында 610 мың 498 адам оқып жатыр ? Ж. Түймебаев

АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазіргі таңда еліміздің 866 кәсіптік -техникалық білім беретін оқу орындарында 610 мың 498 адам оқып жатыр.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік бағдарламасын заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі парламенттік тыңдау барысында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министрдің айтуынша, 2006 жылдан бастап республика бойынша кәсіптік және техникалық оқу орындарының саны өскені байқалады. Мәселен, соңғы жылдары Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларында 6 оқыту орталығы ашылып, Қарағанды облысы Қарқаралы қаласы мен Атырау облысының Құлсары қаласында екі кәсіптік-лицей салынған. Бұдан басқа, Атырау қаласында 700 орындық мұнай саласының мамандарын даярлау және қайта даярлау орталығы құрылса, Астана қаласында бюджет есебінен 800 орындық кәсіптік-лицей құрылысы басталған. Сондай-ақ, өндіріс орындарының өзінде алғаш рет республика бойынша 12 кәсіптік оқыту орталығы ашылған. «2006 жылмен салыстырғанда кәсіптік білім беру оқу орындарының саны 36-ға, ондағы оқушылар саны 51 мың 800-ге өсті. Қазіргі таңда Қазақстанда бұндай оқу орындарының саны 866-ны құраса, оларда 610 мың 498 адам білім алады», деді Ж. Түймебаев. Министрдің айтуынша, соңғы екі жыл аумағында 346 колледж бен лицей заманға лайықты техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. «Бұл оқу орындары интерактивті оқыту технологиясымен жабдықталды. Бұндай жабдықтау ешқашан болған емес әрі оның басым бөлігі бюджеттен тысқары қаражат есебінен, жұмыс берушілердің қолдауымен жүзеге асты», деді министр.