Еліміздің агроөнеркәсіп кешені 2009 жылды табысты аяқтады -Үкімет басшысы

АСТАНА. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың пайымдауынша, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені 2009 жылды табысты аяқтады.

Үкімет басшысы бұл пікірін бүгін Астанада өткен агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне арналған республикалық кеңесте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет басшысы дағдарыстың салдарынан болған қаржылық, экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, мемлекет ауыл шаруашылығына теңдессіз көмек көрсетіп, қолдады. Қазақстанның жинаған резервтері экономиканың нақты секторындағы, соның ішіне ауыл шаруашылығы саласындағы проблемалдарды шешуге бағытталды. «Егер сол резевтер болмағанда мемлекет, Үкімет, сіздер мен біздер егін егу жұмыстарын, жиын-терін науқанын жүргізе алмаған болар едік. Дүниежүзілік банктің, Халықаралық валюта қорының көмегіне жүгінер едік. Құдайға шүкір, резервіміз болды», деді К. Мәсімов.

Премьер-Министр дер кезінде жиналған резерв ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті проблемаларды шешуге, саланы модернизациялауға мол көмек жасағанын атап көрсетті.