Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы мақұлданды

АСТАНА. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін министрлер кабинеті ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі әзірлеген 2011-2015 жылдар аралығындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған құжатты таныстырған министр Жанар Айтжанова атап көрсеткендей, ҚР 2011-2015 жылдары еліміздегі инфляция 6-8 пайыздың арасында болмақ. Қазақстанның экспорттық өнімдеріне сыртқы сұраныстың артуы еліміздің өнеркәсіп саласының даму деңгейінің 2011 жылы - 3,6 пайызға, ал 2012-2013 жылдары 3,9 пайызға өсуіне ықпал етеді. Осыған орай жұмыссыздар саны 2011 жылы 6,4 пайызға, 2015 жылы 5,5 пайызға төмендейді.

«Еліміздің макроэкономикалық болжамын жасау барысында халықаралық ұйымдардың әлемдік экономиканың өсімі туралы болжамы және Қазақстанның мұнай, қара және түсті металл, сонымен қатар бидай сияқты негізгі экспорттық тауарларының әлемдік бағасы бойынша жасалған болжамдары ескерілген. Сондай-ақ бұл құжат 2011-2015 жылдары мұнайдың әлемдік бағасы орташа есеппен 1 баррелі 65 АҚШ долларын құрайды деген болжаммен әзірленген», деді Ж. Айтжанова.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі әзірлеген 2011-2015 жылдар аралығындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы мақұлданды.