Еліміздің алты облысында су тасуы мүмкін - ҚР ІІМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның алты облысында су тасуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылы судың мол көлемін Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында болжанып отыр. Қазіргі кезде еліміз бойынша тәуекел аймағындағы 918 елді мекен, 1,5 мыңнан астам автомобиль және темір жолдар айқындалды»,-деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы елді мекендерді инженерлік тұрғыда қорғау мақсатында 122 шақырым бөгет салынып, 146 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ағымдағы жылы су өткізетін құбырларды тазарту жұмыстары жүзеге асырылған көрінеді.

«Қазгидрометтің» өңірлерде жүргізген мониторингі негізінде көктемде төтенше жағдайды алдын алу бойынша шаралар жоспары әзірленіп, іске асырылуда. Жергілікті жерлерде ТЖ-ны жоюға қатысты облыстық, қалалық, аудандық комиссиялардың отырыстары өтті»,-деді Қасымов.

Тұрғын үйлерді су басуға жол бермес үшін елді мекендерді қардан тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі кезде 6,2 млн. текше метр қар шығарылған екен.

Министрдің атап өтуінше, көктемгі кезеңге 8 мың тонна жанар-жағармай, 180 мың тонна инертті материалдар, 829 мың қап және 10 тонна жарылғыш зат даярланды. Кезек күттірмейтін шығындар бойынша төтенше резервтерге әкімдіктер бюджеттерде 20 млрд. теңге қарастырып қойды.