Еліміздің Атырау облысы, Астана мен Алматы қалаларында халықтың ақшалай табысы жоғары

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2013 жылғы желтоқсанда халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары алдын ала берілген деректер бойынша 64 мың 775 теңгені құрады. Бұл 2012 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 7,7 пайызға жоғары.

ҚР Статистика агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, есепті кезеңде нақты ақшалай табыстар 2,8 пайызға өскен. Сонымен қатар, 2013 жылғы желтоқсанда орташа жан басына шаққандағы ақшалай табыстардың көлемі бойынша Атырау облысы, Астана және Алматы қалалары алдыңғы қатарда тұр. Аталған өңірлердегі көрсеткіш орташа республикалық деңгейден 2,1-1,9 есеге артық. Керісінше, табысы ең төмен өңірлер қатарында Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары белгіленіп отыр, аталған өңірлерде халықтың табыс мөлшері республикалық деңгейден 58,1 пайыздан 74,5 пайызға дейінгі аралықты құраған.

«Сонымен бірге, халықтың нақты ақшалай табыстарының ең көп өсу қарқыны Ақтөбе және Павлодар облыстарында белгіленді. 2013 жылғы желтоқсанда өңірлер бойынша атаулы ақшалай табыстардың ең жоғары және ең төмен мөлшерлері арасындағы арақатынас 3,6 есені құрады», - делінген баспасөз баянында.