Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі таңдағы ауыл шаруашылығы саласында орын алып отырған өзекті мәселенің бірі мал шаруашылығындағы ұсақ тауарлылыққа қатысты болып табылады. «2013 жылы ұйымдастырылған жеке және қосалқы шаруашылықтың 75 пайызға жуығы мал шаруашылығы өнімінің өнідірісіне тиесілі болды. Осыған ұқсас жағдай өсімдік шаруашылығында да орын алады. Осыған байланысты жалпы ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жердің жалпы көлемінің 50 гектарға дейінгі көлемді шаруашылықтың жоғары үлесін 65 пайызға келтіруге тиіспіз. Бүгінгі таңда ауылдық құрылымдардың жалпы санында кооперативтердің үлесі 1 пайыздан аз болып отыр», - дейді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 3 434 кооперативтер тіркелген. Соның ішінде 1463-і ауылдық тұтынушы кооперативтер, 498-і су пайдаланушы ауылдық тұтыну кооперативтері, 1473-і өндірістік кооперативтер болып табылады. Ал кооперативтердің негізгі үлесі елдің оңтүстік аймақтарында орналасқан.
«Заң жобасы бойынша ауыл шаруашылығы кооперативі дәрежесін коммерциялық емес топтан коммерциялыққа ауыстыру көзделеді. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы кооперативін ұйымдастыру-құқықтық түрінде өндірістік кооператив құру, оларға арнайы салық тәртібін енгізу қарастырылады. Бұдан бөлек, заңнамалық негізде кооперативтің міндетті ішкі аудитін енгізу және оның құнын 50 пайызға дейін субсидиялау ұсынылады», - деді вице-министр.