Хореография мэтрі Болат Аюхановқа жүлде бүгін кешке, Көшбасшылардың Оксфорд саммиті аясында өтетін, XLVII-ші «Socrates Award Ceremony» салтанатты марапаттау рәсімінде табысталады.
Жүлдеге ұсынғын Европалық Бизнес Ассамблея Аталымдық Комитетінің (ЕВА, Оксфорд, Ұлыбритания) Бас директоры Джон В.Неттин өз хабарламасында "Сізді жоғарғы қоғамдық баға алғандығыңызбен құттықтаймыз. Бұл сіздің әлемдік өнерге және Қазақстан Республикасының алдыңғы қатарлы балет ұжымының жетекшісі ретінде қосқан үлесіңіздің мойындалғаны", делінген.
"Socrates Award Ceremony" атты Халықаралық Сократ сыйлығы - бұл кәсіби саладағы жоғарғы жетістіктердің бағасы, ең жоғарғы, халықаралық дәрежеде мойындалғандықтың белгісі.
«Алматының жас балетінің» шын мәнінде Мемлекеттік академиялық классикалық би ансамбліне айналып, репертуарының бай, шеберліктерінің жоғары болуында Аюхановтың үлесі ерекше. Оның қолтаңбасына ізденіс, музыкалық биік мәдениет, классикалық көркем би тәсілдерінің таусылмайтын қазынасын меңгеруге ұмтылыс, жаңалыққа құштарлық тән. Аюханов жетекшілік етіп келе жатқан ансамбль дүние жүзіне кеңінен танымал болып, хореографиялық өнерді игеруі жөнінен әлемдік балет ұжымдарының ең үздігі саналатын алғашқы ондығына енген. Оның «Менің балетім», «Сезімдер өмірбаяны» атты кітаптары бар. Еуропа мәдениетінің 20-шы ғасырдағы 60 жарық жұлдызы туралы шығатын 25 кітаптың біреуі Аюхановтың өмірі мен өнеріне арналған (авторы австралиялық өнер зерттеушісі Юри Рюнтю). Ол отандық балет әртістерін тәрбиелеп шығаруға да көп үлес қосты. Аюханов арнайы шақырумен Түркияда «Махаббат аңызы», Ташкентте «Алдар Көсе» балеттерін қойған. Ол «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған. Бүгінде Болат Аюханов - бүкіл әлемге танымал хореограф, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры, халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ыстамбұл, Семей, Екібастұз қалаларының құрметті азаматы.