«Пойыздар мен ұшақтар және автобустар күндегідей жолаушылар тасымалын ұйымдастыруда. Республикалық маңызы бар көлік жолдарындағы қазіргі жағдай мен ондағы қозғалыс қарқындылығы да алдыңғы апталардағыдай қалыпты деңгейде», - деп жазды ведомство өкілі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, тасымалдау сыйымдылығын арттыру және рейстердің кешігу санын азайту мақсатындағы тапсырманы орындау үшін отандық әуе паркі тағы бір «Boeing-737» ұшағымен толыққан. Бұл - SCAT авиакомпаниясының соңғы бір жарым айда алған төртінші әуе кемесі. Сыйымдылығы 189 орындықты құрайтын ұшақ авиакомпания паркіндегі 30-шы ұшақ.
«Жыл соңына дейін Қазақстанның азаматтық авиация флоты тағы 10 әуе бортымен толығады деп жоспарланып отыр», - делінген баспасөз хатшысының жазбасында.
Айта кетейік, таңертең Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ресеймен шекарадағы ахуал бақылауда екенін мәлімдеген болатын.
Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібі заңмен реттелетінін хабарлады.
Фото: facebook.com/zhanzhigit.omarkhan