Еліміздің «Барыс» хоккей клубының жанкүйерлер қозғалысы Елбасының Президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы бастаманы қолдайды

None
АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Еліміздің «Барыс» хоккей клубының жанкүйерлер қозғалысы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы бастаманы қолдайды.

Осыған орай бүгін олар елордадағы «Қазақстан» спорт кешенінде баспасөз мәслихатын өткізіп, арнайы үндеу қабылдады. Құжат мәтінімен қозғалыстың мүшесі Бауыржан Әбиев таныстырды.

Онда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық саяси аренада зор беделге ие екендігі және тәуелсіз еліміздің негізін қалаушы ретінде барлық қазақстандықтарға үлгі екендігі баса айтылған.

«Елбасымыз жеке көшбасшылық қасиеттерімен қатар әрқашан салауатты өмір салтын насихаттайды, өз елінің азаматтарының денсаулығын басты байлық санайды. Сондықтан да біз - «Барыс» хоккей клубының жанкүйерлер қозғалысы, еліміздің ең ірі спорт жанкүйерлерін біріктіретін ұйым ретінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы бастаманы қолдаймыз және «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясына кіру жөнінде шешім қабылдағанымызды жариялаймыз», - делінген үндеуде.