Еліміздің бассейндерінде суды тиімді пайдалану талаптарына байланысты 254 бұзушылық анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері еліміздің су бассейндерінде суды тиімді пайдалану талаптарын бұзудың 254 фактісі анықталды. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен Су ресурстары комитетінің 2015 жылды қорытындылауға арналған алқа отырысы барысында мәлім болды.

Су ресурстары комитеті биылғы жылы су бассейндерінің суды пайдалану шектерін әзірлеп бекіткен. Осы лимит бойынша ірі су қоймаларының жұмыс істеу режимдері бойынша ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, ауыз сумен қамтамасыз ету сұраныстары ескеріле отырып, қажетті су ресурстары жинақталған. Осыған орай, ағымдағы жылы елімізде сумен қамтамасыз ету шаралары толығымен қанағаттандырылған.

«Су қорларын пайдалану және қорғау аясында бірқатар шаралар қарастырылған болатын. Мәселен, су ресурстарын тиімді пайдалану қағидаттарын енгізу үшін су тұтыну мен су бөлудің шоғырландырылған нормасы жасалды. Су ресурстары комитетінің Бассейндегі су инспекциялары 2015 жылдың тоғыз айында суды пайдалану талаптарының сақталуы бойынша 219 тексеру жасады. Бұл 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,8 пайызға жоғары. Тексеру нәтижесінде 254 бұзушылықтар анықталды. Соның 188-і бойынша бұзушылықтарды жою туралы нұсқаулар берілсе, 175 айыппұлдар салынды», - делінген баспасөз баянында.