Мәдени шара басталар алдында БАҚ өкілдеріне шағын сұхбат берген мерейтой иесі З.Шәріпова: «Мен бүгін мерейтойымды өткізу үшін өзіміздің сұлу Астанамызға келіп отырмын. Жақсы қарсы алып жатыр. Мынау тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына менің 80 жылдық мерейтойым тура келіп отыр. Қуаныштан қуанышқа бөленіп жатырмын. Өнер адамдарын біздің басшылар өте жоғары қадірлейді. Сондықтан халық алдында есеп берейін деп келдім. Театрда, кинода, радиода да, жалпы, өнердің қай саласында болсын 60 жыл қызмет етіп келемін. Еңбегімді сіңірдім, халқыма рахмет. Жақсы қарсы алып, алғысын білдіріп отырады», - дейді.
Айта кетейік, Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы Қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында жарты ғасырдан астам уақыт қызмет етіп, ұлттық драматургия мен дүниежүзілік классикадан сан қырлы 100-ден астам рөлді сомдады. З.Шәріпова жасаған сан қилы сахналық бейнелердің ішінде ерекше тұлғаланғаны - М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы Қарагөз бейнесі. Бұл бейне актриса шығармашылығының ең жарқын кезеңі болды, оның талантының лирика-драмалық қырын мейлінше ашты. Трагедиялық актриса ретінде де мүмкіндігі мол екенін танытқан рөлдерінің ішінде ерекшесі С.Жүнісовтің «Ажар мен ажалындағы» Ажар болды.
Ұлттық кино саласында да өз шығармашылық қолтаңбасымен танымал өнер қайраткерінің фильмдерде сомдаған және дубляжда сөйлеткен кейіпкерлері, радиоқойылымдарда орындаған шығармалары өнер сүйер қауымның әрдайым есінде.
Кеште мерейтой иесі театр сахнасында сомдаған кейіпкерлерінің монологтары, сүйікті ақындарының өлеңдері орындалып, көрермендер назарына ол түскен көркем фильмдерден үзінді ұсынылды.
Сонымен қатар мәдени шараға арнайы қатысқан Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай Елбасы Н.Назарбаевтың мерейтой иесіне арналған құттықтауын оқып беріп, иығына қамзол жапты.