Қолбасшылықтың баспасөз қызметінің мәліметінше, полигондарды тазалауға инженерлік бөлімшелер жұмылдырылған. Олар жеке қорғану құралдарымен, 0,6 метр тереңдіктегі жарылғыш заттарды табуға арналған заманауи мина детекторларымен, байланыс құралдарымен, сондай-ақ, жарылғыш заттарды тасымалдайтын арнайы көліктермен қамтамасыз етілген. Іс-шара барысында Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облыстарында орналасқан «Оймаша», «Бейнеу», «Есет батыр» және «Қаработан» полигондарының аумағынан 48 мың гектардан астам жер тазартылған.
«Тазарту жұмыстарының басты мақсаты – жарылмаған оқ-дәрілерді жою. Себебі, мұндай оқ-дәрілері істен шыққан. Қауіпсіздік мақсатында барлық жарылғыш заттар детонация әдісімен табылған орнында жойылады», - дейді әскери бөлімнің инженерлік қызметінің бастығы капитан Нұржан Сапарбеков.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудан 100 бозбала оңтүстік өңірге әскерге аттанғанын жазып едік.