Еліміздің ғимараттары жылына шамамен 1 шаршы метріне 280-кВт-тан 380 кВт-қа дейінгі аралықта жылу тұтынады

АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Еліміздің ғимараттары жылына шамамен 1 шаршы метріне 280 кВт-тан 380 кВт-қа дейінгі аралықта жылу тұтынады.

Бұл туралы бүгін Bnews.kz порталы арқылы өткен онлайн-конференция барысында ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі департаментінің директоры Василий Маслов мәлім етті.

Оның айтуынша, Халықаралық энергетикалық қауымдастықтың мәліметтеріне сәйкес, қазіргі күні Қазақстандағы ғимараттардың жылу энергиясын тұтыну көлемі жылына 1 шаршы метрге шамамен сағатына 240 кВт-ты құрап отыр. Дегенмен, «Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту және
жаңғырту орталығы» АҚ-ның түрлі климаттық аумақтағы, әртүрлі конструкциялық құрылымдағы ғимараттарға, әсіресе, негізінен тұрғын үйлерге жүргізген аудитінің нәтижесі халықаралық қауымдастықтың мәліметтерінен де көп тұтынатынымызды көрсетті.

«Ал іс жүзінде біздің аудитке сәйкес жекелеген кейбір ғимараттарда 1 шаршы метріне 280-нен 380 кВт-қа дейінгі аралықта жылу тұтынылады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, еліміздегі тұрғын үй секторы мен әлеуметтік нысандар, атап айтқанда мектептер, ауруханалар жылу энергиясын көбірек ысырап ететін тұтынушыларға айналып отыр.