Мемлекет басшысының атап өтуінше, Финляндия Президентінің Қазақстанға жасаған өткен жылғы мемлекеттік сапары екі ел арасындағы өзара іс-қимылдардың айтарлықтай нығая түсуіне сеп болды. Мемлекеттер арасындағы сауда айналымының көлемі де тұрақты түрде өсуде. Бұл ретте Қазақстан экономикалық әрі индустриалды дамуы үшін финн технологиясына қызығушылық танытуда.
Өз кезегінде С.Ниинистё Қазақстан Президентімен кездесу мүмкіндігі туғандығына ризашылық танытып, елімізге жасаған мемлекеттік сапарын жылы еске алатындығын атап өтті. Аталған сапары екі ел үшін де маңызды болғандығына баса тоқталған С.Ниинистёнің сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда Финляндияның іскерлік ортасы қазақстандық компаниялармен ынтымақтастыққа жоғары қызығушылық танытуда.